АСТАНА, 2 маусым — Sputnik. Қытайдан шыққан Голливуд актері Джеки Чан маусым айында Қазақстандағы қытай фильмдері көрмесі аясында Астанаға келеді, деп хабарлады ecns.cn порталы.
"Астанада 7-18 маусым аралығында өтетін көрмеде алты толықметражды фильм ұсынылады, олардың арасында Джеки Чан түскен "Кунг-фу йога" киносы бар. Көрмеге Чанның өзі де қатысады", — деп хабарлайды ұйымдастырушылар.
Басылым атап өткендей, жас әнші Димаш Құдайберген Джеки Чанның фильмдері арқасында Қытай елін жақсы көріп кеткенін микроблогында жазған.
"Енді Димаш әлемге әйгілі актерді үлкен экранда тағы да тамашалай алады", — деп жазады ecns.cn.
Димаш Құдайберген мен Джеки Чан қазақстандық әншінің I am a Singer конкурсындағы айтулы жетістігінен соң танысқан болатын. Джеки Чан Димашты өз шоуына шақырып, қытай тілін үйретуге тырысып, тіпті сыйлық та тарту еткен еді.