АСТАНА, 5 маусым — Sputnik. Жолдағы адам өлімін азайтатын жүйені енгізу 2018 жылы аяқталады, деп хабарлады ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
"Авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап пилоттық режімде іске қосылды. Бұл кедендік одақ аясындағы міндеттеме бойынша қарастырылған. Бұл жүйе жол-көлік апаты мен басқа да төтенше жағдайлар туралы шұғыл әрекет ету қызметтерін ақпараттандыру уақытын қысқартуға арналған. Осы жүйенің арқасында зардап шеккен адамдарға жедел көмек "алтын уақыт" кезінде көрсетілетін болады. Өз кезегінде бұл жол апатынан болатын адам өлімін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді", — деп хабарлады Атамқұлов Мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.
Оның айтуынша, авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесінің деректерін өңдеу орталығын бағдарламалық қамтамасыз ету жобасы әзірленген.
"Барлық 14 төтенше жағдайлар департаменті мен Астана, Алматы қалаларында жүйе операторларының жұмыс орны автоматтандырылды. Бұл жүйе бойынша жұмыс жалғасып, келесі жылы аяқталады деп көзделіп отыр", — деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, бұл жүйе жедел қызметтерді шақырудың тиімді құралын жасауды, зардап шеккен адамдарға психологиялық қолдау көрсетуді және ең бастысы, жолда адамдардың қаза болуын азайтуды көздейді.
Қазіргі уақытта авария кезіндегі адам өлімінің 50%-ы көмектің дер кезінде көрсетілмегендігінен болады. Бұл жүйе шұғыл қызметтің апат орнына келу уақытын тұтастай алғанда 30-40%-ға азайтады. Жылына жүздеген адам құтқарылады деп болжанып отыр.
Авария мен апат кезінде шұғыл шақыру жүйесі жол-көлік оқиғасы туралы тиісті қызметке бар-жоғы 20 секундта хабарлауға мүмкіндік береді. Деректерді өңдеу орталығына жол-көлік оқиғасы координаттарын автоматты түрде алуға, сондай-ақ нақты қандай автомобильдің аварияға түскенін білуге мүмкіндік беретін сигнал келіп түседі.