АСТАНА, 2 маусым — Sputnik. Ғасыр жасаған қарт әжей кезінде қатарынан екі рет кеңес әскерінің қуғынына ұшырап, ақыры АҚШ асуға мәжбүр болған, деп жазады Алматы телеарнасы.
Жасы жүзден асқан Әсия әжемізде кезінде кеңес үкіметінің ұжымдастыру сылтауымен қазақтардың төрт түлігін тәркілеп, жасанды ашаршылық пен байларды қудалау қасіретінің кесірінен кеткен жанның бірі. Айтуынша, әкесі Сардарбек Шу өңірінің белгілі байы болған. Коммунистер ауыл, ағайынның байлығын алып, ақыры әкесінің өмірін өлімге қимақ болғанда бір топ жан бір түнде қашуға мәжбүр болған. Осыдан тоқсан жылдай бұрын болған оқиғаны кейуана әлі күнге ұмытпаған.
"Жүрген жерім-ау. Туған жерім-ау. Жаным елім. Құрбан болған елім-ай. Ағаларым, туыстарым айналайын. Бәрі есімде бар. Қазақстанымды көп жақы көрем. Әкем-шешем сағынып, жылап-жылап өлді",- деді Әсия Сардарбекқызы.
Түркіменстан, Қарақалпақстан арқылы қашып, Әмудария өзенінен өткен қазақтарды Ауғанстанның Маймана өңірлік шекарасын бақылап жүрген әскербасы қарсы алады. Надир, Захир шаһ сынды сол кездегі Ауғанстанды билеп келген монархиялық патшаның әулетіне Әсия апамыз 14 жасында келін болып түскен көрінеді. Құдалыққа сөз салған ауғандықтарға ақыры Сардарбек қария жалғыз қызын беруге келіскен соң 200 жылға жалғасқан карольдік династия әулетінен тараған әскери шенді Амири Мұхаммедке жас Әсия жар атанады.
"Менің анам көп балалы болғанмен, одан қазір бесеуіміз қалдық. Біз ол кезде жақсы өмір сүрдік. Жеке күтушілеріміз болатын. Мен анамның анасын көрдім, атамды көре алмадым. Ал менің шешем басқа жерден келген адам болсада жергілікті халық, тіптен сарайдағы қызметшілерде оны өте жақсы көретін. Өйткені ол өте мейірімді еді. Бірақ, коммунистер ауғанстанға басып кіріп, әскери тартыс басталғанда қудалана бастадық. Дәуіт хан отбасымен өлтірілген соң, біз он үш адам болып елден әреңдегенде қашып шықтық",- деді Әсия әжейдің қызы, Амина Амири Рахман.
Бір кездері өзі де Ауғанстандағы ең бай әулеттің келіні атанған Амина апамызда қазір жетпіс жасқа жуықтаған. Басқыншылар барлық байлық пен оннан астам сарайды тәркіледі дейді. Қудалаудан әупірімдеп аман шыққан патшалық әулеттің бір бөлігі 1982 жылы Түркия, кейін Германия арқылы америкаға жеткен. Қазір Әсия әжей Виржиния штатындағы қариялар үйінде тұрады. Ғасыр жасаған қарт әжейге жергілікті билік жеке күтуші, басына екі бөлмелі пәтер берген.
"Барлық туыстарым қазақтарға сәлем сөйле. Назарбаев балам дұға қылып жатырмын. Балам сен мемлекетті жақсы қылып жатырсың. Апа сәлем айтып жатыр. Өміріңді ұзақ қылсын. Барлық туыстарым, қазағыма сәлем айт. Елім-ау, жерім-ау. Шу ауданы жерім-ау",- деді Әсия Сардарбекқызы.
Мұхит асқан қазақ қызының тағдыры өткен ғасырдағы ел басынан өткен ауыр күндерден бүгінге жеткен тірі тарих. Арттағы жұрт, қазіргі жастар бостандықтың қадірін бағаласа, бірлігін сақтаса екен деген ақылмен ананың аманатын елге жеткізуге "Ауған соғысы ардагерлер ұйымы" мен "Ұлт болмысы" қолдау көрсетті.
Жалайыр руынан шыққан әжей 1916 жылы туған. Ол он жасында елден кетседе тілін, ділін, дінін, тіптен асыр салып ойнаған ауылында ұмытпаған.
Әсия апайдың осында тұрып жатқанына биыл 36 жыл болса, қазақ топырағынан кеткеніне 91 жыл толыпты. Әу баста қызыл жендеттерден бес баласын қалайда аман алып қалуды ойлаған абыз ананың арманы толық орындалды. Басынан өткен тарихты толғана айтқан қарт әжей бұдан былай әр қазақ жат жұрттық болмаса екен дейді. Өйткені оның 20 немере, 23 шөбересі қазақ емес, америкалық азамат атанды.