АСТАНА, 2 маусым – Sputnik. Қазақстандық адвокат Джохар Өтебеков жалған терроризм үшін сотталған қарағандылық мұғалім Юрий Пактың қамаудан босап шығуына қатысты пікір білдірді.
Бір күн бұрын, 1 маусым күні Қарағанды облысының Абай аудандық соты Юрий Пактың жазасының өтелмеген бөлігін 170 742 теңге сомасындағы айыппұлға өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырды. Бұл Пак кінәсін мойындап, өкінетінін айтқаннан кейін ғана мүмкін болды. Сотталушы бостандыққа 14 күннен кейін шығады.
"Қарағандыда мұғалім Юрий Пакты босату кезінде сотта өз кінәсін мойындауға мәжбүрледі. Бұл жексұрындық пен жымысқылыққа келеді. Бас бостандығын айыппұлға өзгертуде бұл талап етілмейді ғой. Тіпті маңызы да жоқ", — деп жазды адвокат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Джохар Өтебеков Жоғарғы соттың нормативтік қаулысынан шартты түрде мерзімнен бұрын босату және жеңіл жазаға өзгерту туралы үзінді келтірді: "Соттар сотталушының кінәсін мойындамауы секілді заңмен қарастырылмаған себептермен шартты түрде мерзімнен бұрын босатпауға құқылары жоқ".
Алайда осыған қарамастан, құқық қорғаушының атап өтуінше, қарағандылық сот Пактың "өкінуін" баспасөз баянда "рахаттана" жеткізген.
"Дүниежүзі тарихында кімді өкініп, пікірлерінен бас тартуға мәжбүрлегені естеріңде ме? Күпірлерді, ғалымдарды, "мыстандарды". Иә. Бұл барып тұрған инквизиция. Теорияда батыстық қылмыстық процессті жарыс деп атайды. Онда қорғау мен айыптау тең. Ал ақтау үкімі мен алқа билері жоқ; судья өз үкімін прокурормен кеңесетін; адвокат – ешкім емес, біздің Қылмыстық процесті ғылым қалай атайтынын білесіз бе? Иә, тура солай. Инквизициялық!", — деп түйді Өтебеков.