АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Астанада халықпен өтіп жатқан есепті кездесуде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұлттық бірыңғай тестілеуден қазақ тілінің неліктен алынып тастағанын түсіндірді.
Министр, ең алдымен, бүгінде оқушылардың шамамен сексен пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілінде тапсыратынын атап өтті.
"Бұрын егер ҰБТ-да қазақ тілінен нашар баға алсаң да, әрі қарай ілгерілей бересің. Өйткені қазақ тілінен ұпай есептелмейтін. Оқушылар салмақты түрде дайындалмайтын. Сондықтан түлектеріміздің жүз пайызы қазақ тілін тапсыру үшін оны мектептерге ауыстырдық", — деді министр.
Оның айтуынша, енді емтихан сұрақтарын мектеп емес, білім министрлігі дайындайды.
"Бұл мәселеге ерекше мән береміз. Жүз пайыз балалар қазақ тілінен емтиханды дұрыстап тапсыратын болады", — деді Сағадиев.