АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушылардың үй тапсырмасын қысқарту бойынша нормативті бекітті, деп хабарлады халықпен өткен кездесуде вице-министр Эльмира Суханбердиева.
"Оқушылардың жүктемесін жеңілдетуді көздеп отырмыз. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда үй тапсырмасын ұйымдастыру бойынша норматив болған жоқ. Бұрынғы санитарлық ереже мен нормаларда үй тапсырмасын орындаудың уақыты белгіленді. Бірақ оларды ешкім ешқашан орындаған емес. Мұны біздің сауалнамаға қатысқан ұстаздардың 74 пайызы растады", — деді Суханбердиева.
Талдау көрсеткендей, оқушылардың 61,8 пайызы үй тапсырмасынан шаршаса, 48 пайызы мүлдем орындамайды. Вице-министр атап өткендей, жоғарғы сынып оқушыларының 47,3 пайызы және ата-аналардың 65 пайызы үй тапсырмасының көлемін азайтуды сұрап отыр. Бүгінде министрлік үй тапсырмасын қысқарту бойынша ұсынымдарды бекіткен.
"Үй тапсырмасының көлемі екінші сыныпта 50 минут, үшінші, төртінші сыныптарда 70 минут, бесінші, алтыншы сыныптарда 90 минут, жетінші-тоғызыншы сыныптарда 110 минут, оныншы, он бірінші, он екінші сыныптарда 130 минут болады. Сурет, еңбек, өзін-өзі тану, музыка, алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру бойынша үй тапсырмасы басқа пәндермен байланыста беріледі", — деді ол.
Ал мереке күндері, демалыс уақытында, бақылау жұмыстарынан кейін және бірінші сынып оқушыларына үй тапсырмасы берілмейтін болады.
"Бұл мәселені барлығымыз көп талқылап, осындай шешімге келдік", — деді ол.