АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Facebook желісіндегі елордалық топтардың бірінде №62 мектептің оныншы сынып оқушылары мәйітханаға ақылы экскурсияға барғандығы туралы жазылып, суреттері жарияланған.
Суреттерді әлеуметтік желіде жариялаған қолданушы балалардың мұндай жерге не үшін барғанын сұрап, аң-таң. Желідегі өзге жұрт та әйелдің пікірімен келісті. Сол себепті Sputnik Қазақстан агенттігі №62 мектеп басшылығына хабарласып, пікір білдіруін сұрады.
Оқу ісі бойынша мектеп директорының орынбасары Алмагүл Жанайдарова айтып бергендей, оқушылар мәйітханаға емес, медициналық академияның анатомиялық музейіне барыпты. Академия мектеп жанында болғандықтан, мұндай экскурсиялар жылма-жыл өткізіліп тұрады екен.
"Бұл медакадемия жанындағы анатомиялық музей. Медакадемия мектебіміздің дәл жанында. 10-сыныпта жыл сайын бейінді пәндер — математика, химия, биология, география және физика бойынша жазғы мектеп өткізіледі. Кестеде биология сабағы тұрғанда, біз оны әдеттегідей өткізбейміз — өйткені бұл жазғы мектеп қой, яғни сабақ экскурсия түрінде, пәнді тереңдетіп оқып, қосымша ақпарат алу мақсатында өтеді. Сондықтан жыл сайын медакадемияға барамыз, себебі меткептің қасында, бірақ олар бізді ғана емес өзге мектептерді де қабылдайды", — деп түсіндірді Жанайдарова.
"Өте қызық экскурсия, оны профессорлардың өздері жүргізеді. Бұл жылма-жыл болатын іс-шара, мәйітхана емес. Балалар өздері қызыққан, ерекше нәрселерді суретке түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскісі келеді. Мәселен, музейдің жанын түскен суретін бұлай жарияламас еді", — деп атап өтті мұғалім.
Мектеп директоры орынбасарының айтуынша, келесі жылы мектепте медициналық сыныптар ашылып, медуниверситет оқытушылары сабақ жүргізетін болады.