АСТАНА, 30 мамыр — Sputnik."Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры топ-менеджердердің 2016 жыл ішінде қанша қаражат тапқанын жариялады.
"Самұрық-Қазына" баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, қор және оның еншілес компанияларын басқарушы қызметкерлерге төленген сыйақының жалпы сомасы былтырғы жыл бойынша 7,182 миллиард теңгені құрады.
"Самұрық-Қазына" баспасөз қызметі түсіндіріп өткендей, бұл қомақты сомаға жалақылар, сыйақылар мен басқа да шығындар кіреді. "Самұрық-Қазынаның" негізгі басқару персоналына 923 миллион теңге төленген. Оның ішінде директорлар кеңесінің мүшелері 630 миллион теңге алған. Қор басқармасы мүшелеріне 293 миллион теңге төленіпті.
"Самұрық-Қазынананың" директорлар кеңесіне 8 адам кіреді. Олар: Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, президенттің көмекшісі Әлихан Смайылов, "Самұрық-Қазынаның" басшысы Өмірзақ Шөкеев және үш тәуелсіз директор — Барон Оливье Дэкамп, Ричард Эванс и Александр Мирчев.
Директорлар кеңесінің құрамына енген үкімет мүшелері "Мемлекеттік қызмет туралы" заңына сәйкес ешқандай сыйақы мен өтемақы алмайды, деп атап өтілген хабарламада. 630 миллион теңге сыйақыны үш шетелдік басқарушы ғана алды.
"Самұрық-Қазына" басқарамасы мүшелері — Шөкеевті қоса айтқанда, алты адам 2016 жылы 293 миллион теңге ақша тапты. Орташа есеппен әр басқарушыға 48,8 миллион теңге төленген, бұл айына әрқайсына 4 миллион теңгеден астам төленді деген сөз.