АСТАНА, 26 мамыр — Sputnik. Ақтөбе полицейлері салық инспекторы болып танысып, сатушыларға ақша үшін көмектесуге уәде берген ер адамды ұстады, деп хабарлайды облыстық ІІД.
Ведомство атап өткендей, саудагерлер мен кәсіпкерлерді тиісті органдардың жиі тексеретіні сонша, олар құжаттарын сұраудың орнына, тексерушінің сөзіне сеніп қалады. Әлгі алаяқ та адамдардың сол сенгіштігін пайдаланған.
Салық қызметінің инспекторымын деп танысқан 43 жастағы қала тұрғыны дүкен сатушыларына салық комитетінде көмектесуге уәде беріп, ақша талап еткен.
Алаяқтық дерегі ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша сот алды тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді. Ер адам айыбын мойындаған, қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.