АСТАНА, 24 мамыр — Sputnik. Бірнеше ай бұрын анасы ұрып соққан төрт жасар павлодарлық қыз Айлин үйіне қайта оралды.
Ақпан айында қыздың анасы Нұргүл Докуованың ата-ана құқығы шектеліп, бүлдіршін әкесінің қолына берілген болатын. Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Докуова ата-ана құқығын мерзімінен бұрын қалпына келтіру үшін ювеналды сотқа арыз берді, себебі Айлин қазір анасымен бірге тұрып жатыр.
Әйел адам арызында айтып көрсеткендей, осы айлар бойы баласымен қарым-қатынасын үзбеген: балабақшадан алып кетіп, киімін әперіп, балабақшаның барлық қызметақысын төлеп, қызымен қыдырып жүрген екен. Сонымен бірге, қаржылық жағдайы біршама жақсы көрінеді, үш бөлмелі пәтері бар, жалақысы да жоғары.
Ал Айлиннің әкесінің жеке баспанасы жоқ, ағасының пәтерінде тұрады, жалақысы төмен, қыздың бар жағдайын жасап беруге қауқарсыз. Сол себепті Айлин соңғы кездері анасының қолында тұрған, бала тәрбиесіне әйелдің ата-анасы да жәрдемдесіп жүр.
Докуова жазған арызында ата-ана құқығын шектеуді алып тастап, қызын заң жүзінде қайтаруды сұрайды. Арыз бойынша өткізілетін сот отырысының күні әлі белгіленген жоқ.