АСТАНА, 24 мамыр — Sputnik. "Халықаралық бағдарламалар орталығының" қазіргі және бұрынғы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, олардың ХБО президенті Жанболат Мелдешов туралы жазылған хатқа ешқандай қатысы жоқ.
Бұдан бұрын 25 қызметкердің Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура және Білім министрлігіне басшы туралы шағымданып жазған хаты жарияланған болатын. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі қазіргі уақытта арыз бойынша кешенді қызметтік тексеру жүргізуде және Мелдешовті қызметінен шеттетті. Тексеру нәтижелері алынғанша басшы қызметін вице-президент Мейіржан Алпысбай атқарады.
Халықаралық бағдарламалар орталығында өткізілген тілшілермен кездесуге Орталық қызметкерлері, заңгер және HR-менеджер қатысты.
"Бұл хат мен үшін мүлдем күтпеген жайт болды. Біріншіден, мен қазір орталықта қызмет етіп жүрмін. Екіншіден, хат жайында БАҚ көздерінен білдім, демек хатты алдын ала оқып, қол қоятындай еш мүмкіндігім болған жоқ", — деп мәлімдеді Халықаралық бағдарламалар орталығы конкурстік процедуралар департаменті директоры Самал Қамарина.
"Болашақ" ХБО бұрынғы қызметкері Ілияс Тілеубергенов те хат жайында БАҚ көздерінен біліпті.
"Мен әлеуметтанушымын, "Болашақ" бағдарламасының түлегімін. 2010 жылы оқуымды бітіріп, бес жыл бойы Қазақстанда жұмыс істедім. Күзде мені жоба бойынша жұмыс істеуге Орталыққа шақырды — зерттеу жүргізіп, қызметкерлерді оқытуым керек болатын. Бұл жерде 3 айдай қызмет етіп, 2017 жылы қаңтарда жобамды аяқтап, жұмыстан шықтым. Қазір жеке компаниям бар, жеке кәсіпкермін. Өз тарапымнан Мелдешовтің жұмысы мен ғылыми әдістерге сүйенетін біліктілігіне жақсы баға берер едім", — деді Тілеубергенов хатқа қол қоймағанын айтып.
Қорыта айтқанда, хатта аттары көрсетілген он шақты қызметкер қол қоймағандарын мәлімдеді, олардың екеуі қазір шетелде екен.
Халықаралық бағдарламалар орталығы заң департаменті нормативтік-құқықтық қамсыздандыру басқармасының басшысы Асқар Шарамбаев хатты оқып шығып, екі қолды ғана танып тұрғанын айтты. Басшының сөзіне сүйенсек, болжам бойынша, олар Мақсат Дәулиев пен Орынбасар Спанбаевқа тиесілі.
"Ең бірінші қол Дәулиевтікіне ұқсайды, ол түлектермен жұмыс бойынша департаменттің бұрынғы директоры", — деп атап өтті заңгер.
БАҚ көздерінде жарияланған видеоның қалай алынғаны әлі белгісіз.
"Жазба түпнұсқа, біздің конференц-залда комиссия отырысы жүргізіледі, сол себепті бейне мен дыбыс ылғи жазылады. Қазір де сол залда отырмыз. Бейнежазбаларды IT ала алады. Дегенмен бұл мәселеге қатысты әзірше нақты ештеңе айта алмаймыз", — деді Самал Қамарина.