АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Балабақшада жарылғыш зат қойылды деген хабарлама жасаған аноним әйел кісі болып шықты, деп хабарлады Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгін күндіз белгісіз біреу Талғар аудандық ІІБ-ге қоңырау шалып, "Қызыл Қайрат" ауылындағы балабақшалардың біріне жарылғыш зат қойылғандығын айтқан. Ауылда орналасқан үш балабақшадағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Аймақ толықтай қоршауға алынған.
Полиция кезекшілік бөлімге 1980 жылы туған жергілікті әйелдің телефон соққанын анықтады.
"Күдікті ұсталып, жауап алу үшін аудандық полицияға жеткізілді. Бұрын соңды ол қылмыстық жауапқа тартылмаған. Мұндай әрекетке итермелеген себептер анықтап жатыр", — деп хабарлады полицияда. Дегенмен құқық қорғау органдары балалар мекемесіне жарылғыш заттардың жоқтығына көз жеткізу үшін тексеруді жалғастырып жатыр.