АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. Алматы облысында полицейлер анонимді қоңыраудан кейін үш балабақша ғимаратында жарылғыш құрылғының бар-жоғын тексеруде, деп хабарлады өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Талғар АІІБ кезекші бөлімшесіне сағат 13:30-да анонимді қоңырау соғылып, Қызыл Қайрат ауылындағы балабақшалардың бірінде жарылғыш құрылғы орнатылғаны туралы хабарланған.
Анықталғандай, ауылда үш бала-бақша бар екен, олардың бірі мектепте орналасқан.
"Хабар келіп түскен бойда аудандық полицияның бүкіл жеке құрамы тік тұрғызылды. Қызметкерлер балабақшаларды қоршауға алып, 260-тан астам адамды қауіпсіз жерге шығарды, олардың 217-сі балалар. Оқиға орнында саперлер мен құтқарушылар, прокуратура қызметкерлері жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта арнайы үйретілген иттермен тексеру жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады Алматы облысы ІІД.