Қоғам

Шөкеев "Самұрық-Қазынаның" берешегі туралы: үлкен компаниялар қарызсыз жұмыс істемейді

© Служба центральных коммуникацийӨмірзақ Шөкеев
Өмірзақ Шөкеев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Самұрық-Қазына" қорының қарызы 15 млрд АҚШ доллары шамасында

АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, үлкен компаниялар қарызсыз жұмыс істемейді, өйткені бұл тиімсіз. Сондықтан "Самұрық-Қазына" қоры алдағы уақытта да тиімді шарттармен шетелдік банктерден қарыз алмақ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте "Самұрық-Қазына" АҚ-да мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың тиімділігі мәселелері талқыланған жиында депутаттар ұлттық әл-ауқат қорының қарызына қатысты мәселе көтерді. Бүгінде елiмiздiң сыртқы қарызы 163,8 млрд долларға жеткен, берешектің басым бөлiгi квазимемлекеттiк секторда тиесілі екен.

"Осыған байланысты бұл қарыз әрi қарай көбейе бере ме, әлде оның бiр шегi бола ма? Осы алынған қарыздар қандай бағыттарға жұмсалды, одан нәтиже бар ма? Берешектердiң iшiнде мерзiмi асып кеткен қарыз көлемi қандай және ол қай уақытқа дейiн қайтарылып болмақ? Тағы да қарыз алу жоспарда бар ма әлде осымен шектелесiздер ме?", — деп сұрады Өмірзақ Шөкеевтен депутат Жексенбай Дүйсебаев.

"Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасының айтуынша, қордың қарызы соңғы бес жылда екі есе азайған. Қазіргі уақытта компанияның берешегі 15 млрд доллар шамасында.

Самрук-Казына - Sputnik Қазақстан
Экономика
Депутаттар "Самұрық-Қазына" қорының 10 трлн теңгеге жуық қарызына алаңдаулы

"Жалпы, үлкен компаниялар қарызсыз жұмыс істемейді, ол тиімсіз. Қарыз болу керек, бірақ белгілі бір шегі болуы қажет. Директорар кеңесі нақты нормативтерді өзі белгілейді. Қарыз көлемі соның шеңберінде болса, ол қауіпсіз. Біз қазір қауіпсіз жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ шектен асқан компаниялар бар. Кейбір банктерге де пайда табу керек қой. Жақсы клиент болса, оны созуға өздері мүдделі. Кейбір кезде қайта қаржыландырады, кейде шарттарын өзгертеді", — деді ол.

Шөкеевтің айтуынша, жақсы шарттармен берілген қарызды алған жөн. Сондықтан алдағы уақытта "Самұрық-Қазына" АҚ бірқатар шетелдік банктің ұсынысынан бас тартпақ емес.

"Жақында Қытайға барып келдік. Бұл елдің үкіметі мен банктері "Бір белдеу-бір жол" бағдарламасына байланысты жобаларға өте жақсы шарттармен қарыз беруге дайын. Біз алдын ала жобасын жасадық. 3 млрд долларды Қытайдың даму банкісі біздің компанияға ешқандай кепілсіз беруге әзір. Осындай қарызды неге алмасқа? Осы секілді жақсы жобалар, жақсы инвестициялар болады", — деді ол.

"Шалқия комбинатын жаңғыртып, үлкен өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Еуропа банкi өте жақсы шарттармен бізге қарыз берiп жатыр. Бұл келiсiмге де осы күндерi қол қойылмақ. Шалқия жобасы — үлкен бiр аймаққа өмiр беретiн жоба. Осындай маңызды жобаларға қарыздар беріп жатса, аламыз", — деп түйiндедi сөзін Шөкеев.

Жаңалықтар
0