АСТАНА, 23 мамыр — Sputnik. Маусымнан бастап дизель отынын сатуға акциздің көтерілуі дизель отыны бағасының өсуіне алып келеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"ҚазМұнайГаз Өнімдері" хабарлағандай, 2017 жылдың 1 маусымынан бастап дизель отынын сатуға акциз мөлшерлемесі тоннаға 9300 теңгені құрайтын болады. Акциздің ұлғаюы есебінен ғана көтерме бағаның өсуі шамамен литріне 7,3 теңгені құрайды, бұл жанармай құю бекеттеріндегі отынның бағасына әсерін тигізеді.
"Өткен жылы фискалдық органдардың бастамасы бойынша дизель отынын бағасын нарықтық жағдайға сәйкес реттеу жөнінде шешім қабылданды. Бұл дизель отыны бағасының көтерілуіне әсер етеді. Бөлшек саудада оның бағасы 8-9 теңге шамасында өседі", — деп хабарлады бүгін Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев БАҚ өкілдеріне.
Оның айтуынша, маусымға дейін диқандар егін салу үшін арзандатылған отынды толық алып үлгереді.
Бұдан бөлек, Бозымбаев акциздің көтерілуі бензин бағасына әсер етпейтінін айтты.