АСТАНА, 18 мамыр — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы Рузаевка ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы өтемақылар төлене бастады, деп хабарлады облыстық коммуникациялар қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда су тасқыны кезінде 120 үй суға кеткен, оның ішінде 108 үй — Рузаевка ауылында, сегіз үй Андреевка ауылында, қалғаны Чистополье ауылында.
"Рузаевка ауылы тұрғындарына көмек қоры құрылды. Қазір қорда бюджеттен тыс 19 миллион теңге жинақталған, сонымен бірге облыс әкімдігі резервінен 53,5 миллион теңге су тасқынынан келген зардапты жою үшін бөлінді. Үй сатушылар мен сатып алушылар арасында келісімшарт жасалынып жатыр. Сатып алушылар өтемақы алып, үй немесе пәтер сатып ала алады", — деп мәлімет берді Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі Владимир Дудов.
Рузаевка ауылдық округының әкімі Игорь Кобялконың сөзіне сүйенетін болсақ, ауылда 88 отбасы қиын жағдайда қалған. Үйлері суға кеткен отбасылардың таңдауына 20 үй мен пәтер ұсынылды. Таңдап алған баспананы ауыл тұрғындары шоттарына жіберілген қаражатқа сатып ала алады.
"Қазіргі таңда зардап шеккен әр адамға 100 мың теңгеден берілді. Сонымен бірге, жоғалтқан мүлік үшін өтемақы ретінде 40 миллион теңге қаражат бөлінеген. Бұл сома зардап шеккендерге бөліп беріледі. Бір қуанарлық жайт, ешкім далада қалмайтынын, бәріне көмек көрсетілетінін адамдар түсінеді", — дейді Игорь Кобялко.