АСТАНА, 15 мамыр — Sputnik. Қостанайда оқушы қыздың көзіне оқ атқаннан кейін Ресейге қашып кеткен 18 жастағы блогер Арза Гаджиев туған еліне экстрадицияланады, деп хабарайды Челябі облысының прокуратурасы.
Бұған дейін хабарланғандай, 2016 жылы шілде айында Гаджиев көшеде қыдырып жүріп, жолда кездескен 13 жастағы Валентинаның көзіне оқ атады. Қызға бейтаныс жігіт тақап келіп: "Қазір оқ жаудырсам да, түрмеге отырмаймын", — деп айғай салады да, қару кезеніп тұрып: "Бірінші кезек сенде", — депті. Сөйтіп, шүріппені басып қалады – оқ қыздың жанарына тиген. Беті қанға боялған оқушы ес-түссіз жерге құлайды, ал жігіт "жәдел жәрдем" шақырмастан қашып кетеді.
Дәрігерлер оқтың миға екі миллиметрдей жетпей тоқтағанын айтқан. Өкінішке орай, оқты алып шығу мүмкін болмады, өйткені металл көз алмасының нәзік ұлпасында тұрып қалыпты. Оқты алу үшін көзді кесуге тура келеді екен. Мәскеулік дәріргерлер де оқты алуға батпайды.
Кейін белгілі болғандай, Гаджиев Қостанайда белгілі видеоблогер болған. Ресейге қашып кеткен жігіт биыл ақпанда Челябіде ұсталады. Челябі облысының прокуратурасы тексеріс жүргізгеннен кейін Гаджиевті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы үшін Қазақстанға беру шешімін қабылдаған. Шешім заңды күшіне енді, осыған байланысты Гаржиев таяу арада Қазақстанның құқық қорғау органдарына беріледі. Оқ атқан жігіт 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.