АСТАНА, 15 мамыр — Sputnik. 15 мамырда Бейжіңде "Бір белдеу –бір жол" халықаралық серіктестік форумы аясында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ COSCOShipping, Ляньюнган портымен бірлесіп "Қорғас Шығыс қақпасы" АЭА дамыту инвестициялық келісіміне қол қойды. Қытайлық инвесторлар "KTZE – Khorgos Gateway" ЖШС Құрғақ портының 49 пайыздық үлесін сатып алуды жүзеге асырады, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы баспасөз қызметі.
Стратегиялық инвесторлар тарту Азия мен Еуропаның арасындағы жүк ағынын арттыруға, еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен транзиттік тасымалда жоғары көрсеткіштерге жету, жүктерді сақтау мен тасымалдауға, оның ішінде Құрғақ порты аумағының әлеуетін дамытуға бағытталады.
"Қорғас-Шығыс қапасы" АЭА COSCO Shipping компаниясының қызметін пайдалана отырып, ғаламдық логистикалық қызмет көрсету деңгейіне көтеріліп, қазақстандық транзиттік бағдарларын халықаралық логистикалық желі тізбегіне қосылатындай етеді", — деп атап өтілген хабарламада.
"Қол қойылған келісім Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы көліктік-логистикалық саланы дамытуға, қазақстандық "Нұрлы жол" бағдарламасы мен қытайлық "Жібек жолы экономикалық белдеуі" бастамасын үйлестіре дамытуға ықпал етеді.
Салтанатты қол қою шарасына ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов, Ляньюньган қаласының мэрі Сян Сяолун қатысты.
Айта кетелік, COSCO Shipping логистикалық қызмет көрсететін ірі әлемдік теңіз операторы.Корпорация құрамында 1100 теңіз кемесі 1,6 млн. контейнерге қызмет көрсетеді. 300-ден астам халықаралық және ішкі теңіз бағдарларына шығады. Әлемнің 79 мемлекетіндегі 254 портпен қатынас жасайды.