АСТАНА, 15 мамыр — Sputnik. Қызылорда жылу электр станциясындағы мұржаны бұзу алдын ала жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі "Қызылорда ЖЭС" директоры Бауыржан Мадрайымовқа сілтеме жасап.
Жексенбі күні бөлшектеу жұмыстары кезінде ескі мұржа бұзылып, жұмысшыларды басып қалған. Оқиға орнына алпыс құтқарушы қызметтік иттермен жетіп, үйінді астында қалған екінші жұмысшыны іздеді. Ол дүйсенбі күні 03.45-те өлі күйінде табылған.
"14 мамырда құлаған мұржа 2003 жылдан бері істемейді, 1962 жылы салынған. Мұржаны бұзу бойынша бөлшектеу жұмыстары алдын ала жоспарланған — біз жаңа қазандық салу үшін аумақты кеңейтпекші болғанбыз. Аумақта ешкім болмасын деп, бөлшектеу жұмыстарын жүргізу үшін жексенбі күнін таңдадық", — деп атап өтті Мадрайымов Қызылорда аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
"Алтын ЛТД" ЖШС бригадирі Молдағали Олжағұловтың сөзіне сүйенсек, жұмыс кезінде алаңқайда төрт адам болған. Мұржа құлаған кезде екі адам мүлдем зардап шеккен жоқ, бірі шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, ал төртінші жұмысшы шегініп үлгермей қалған.
Облыстық медициналық орталыққа жатқызылған Рысбек Айтқұловтың жағдайы бір қалыпты. Қаза тапқан Т. Бақановтың денесі Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы туған-туыстарына жеткізілді.