АСТАНА, 15 мамыр — Sputnik. Мас жүргізуші қатты жылдамдықпен келіп, қиылыста тұрған көлікке бір-ақ соғылды, соққы салдарынан тоқтап тұрған көліктің жолаушылары зардап шекті, деп хабарлайды куәгерлер Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Жол апаты Сүйінбай даңғылы мен Баянауыл көшесі қиылысында болған. Nissan Juke Сүйінбай даңғылы бойымен оңтүстік бағытта келе жатады да, солға бұрылуға дайындалып, қарсы бағыттық қозғалысты өткізіп тұрады.
Дәл сол жолмен тура сол бағытта Lada Priora көлігі кетіп бара жатқан. "Лада" бар жылдамдықпен Juke көлігін соғып, салдарынан Juke қарсы бетке шығып кетеді. Сөйтіп, қарама-қарсы келе жатқан Toyota Camry көлігімен соқтығысады.




Жол апаты салдарынан әйел адам мен бала ауруханаға жатқызылды — олар Nissan Juke көлігінің жолаушылары. Кейінірек белгілі болғандай, "Приора" жүргізушісі мас болған.