АСТАНА, 12 мамыр — Sputnik. Отандық фармацевтика кәсіпорындары жаңа өнімдер шығара бастады, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс Қасымбек фармацевтика саласындағы негізгі 200 шағын кәсіпорында 3,5 мың адам жұмыс істейтіндігін атап өтті.
"Қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарға толық циклды компаниялар мен рецептік-өндірістік бөлімі бар дәріханалар жатады. Отандық фармацевтика өнеркәсібінде кардиологиялық, аллергияға қарсы дәрілік заттардан бастап, бір реттік медициналық перчаткалар мен рентген жабдығы маскаларына дейінгі қажетті жаңа өнім түрлері шығарыла бастады", — деді ол бүгін Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның ішкі тұтыну құрылымында отандық өндіріс үлесінің ақшалай құны 11%-ға жеткен.
"Дегенмен, Елбасының тапсырмасын орындай отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында дәрілік препараттардың 50%-ы отандық өндірістен сатып алынатынын атап өткен жөн. 10 кәсіпорын медициналық мақсаттарға арналған бұйымдармен отандық денсаулық сақтау мекемелерінің сұранысын толық қамтамасыз етеді", — деді ол.
Министр қазіргі уақытта фармацевтика саласының басты міндеті өндіріс қуатын ұлғайту, GMP халықаралық стандартына сәйкес қазіргі заманғы технологияларды енгізу екендігін атап өтті. Ол қазір Қазақстанда GMP халықаралық стандартына сай сертификатын алған 12 отандық кәсіпорында 17 өндірістік алаң бар екендігі туралы хабардар етті.