АСТАНА, 12 мамыр — Sputnik. Жолаушылар автобусымен соқтығысқан кезде Mercedes Gelandewagen рулінде болған Алматының Әуезов ауданы прокурорының көмекшісі Бекзат Бошен айнадан автобусты көрмегені туралы айтады.
Оның сөзіне қарағанда, барлығы кенеттен болғаны соншалықты, алғашқы секундтарда болған оқиғаны өзі де сезбей қалған.
"Мен көрген жоқпын, бұрылған кезімде автобус болған жоқ. Мен алдында отырған ұлымның өмірін қатерге тігіп қайтемін? Не болғанын білмеймін, мен ол автобусты көрген жоқпын. Ешкімді алдағым келмейді. Мен айнаға қарадым, жеңіл көлік алдымнан өтті… Қалай болғанын білмеймін, бірақ ол өтіп кетті, мен оны өткіздім. Мен бұрылдым, сол кезде соққы сездім. Бәлкім байқамаған болармын. Мен автобус болса ешқашан бұрылмас едім", — дейді ауруханаға баласының хәлін білуге келген Бекзат Бошен Sputnik Қазақстанға.
Екі жасар бала жол апатынан кейін жан сақтау бөліміне түсті. Жұма күні оны палатаға ауыстырды. Баласының жағдайы туралы сұрағанды, ұлының біршама жақсарып қалғанын айтты.
Болған апат жағдайы туралы Бекзат Бошен қысқаша жауап береді: сол кезде ауруханада болған әйеліне асыққан. Ол ғимараттан шығып далада күтіп тұрған.
"Әрине, мен көмектесемін", — деп қысқаша жауап қатты ол.
Айта кетелік, осыдан біраз бұрын Алматыда Райымбек даңғылында жол апаты болды: Гелендваген қоғамдық көлікке арналған жолаққа шығып кетіп, жолаушылар мінген автобуспен соқтығысқан. Көлік апаты салдарынан 17 адам зардап шекті, олардың сегізі ауруханаға жатқызылды, бұл ретте екі адам жан сақтау бөліміне түсті.