АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Алматыда өгей баласын өлтірді және өлтіруді ұйымдастырды деген айып тағылып отырған өгей анаға қатысты іс бойынша алдын ала тыңдауларда, прокурор Арыстанбек Аликенов айыптау актісінің бір бөлігін оқыды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Айыптау анықтағандай, 2016 жылы Шарипа Ақбердиева мен оның жұбайы Кемпірбаев Азамат арасында отбасылық жанжал туындап, салдарынан Ақбердиева енесі Бағдагүл Есенбековамен ұрсып қалады. Осы ұрыстардан кейін Азамат Кемпірбаев үйінен үнемі анасының үйіне кетіп қалып жүрген. Ал 2017 жылға қаңтарда орын алған кезекті жанжалдан соң күйеуі ажырасқысы келетінін айтады.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2017 жылғы 13 қаңтарда Шарипа Ақбердиева енесінің үйіне күйеуін іздеп келеді, алайда оны кездестіре алмайды. Ер адамның анасы ажырасуларына қарсы емес екенін айтады, нәтижесінде әйелдер қайтып жанжалдасып қалады. Сол кезде Ақбердиевада енесін өлтіру туралы ой туындайды. Сол үшін ол алдыңғы некесінен туған ұлы — Темірлан Ақбердиев пен оның кәмелет жасқа толмаған өгей інісі Қадыржан Гулямовты Шымкенттен шақырып алады.
Жігіттерді күтіп алған әйел, олармен өз жоспарларымен бөліседі. Гулямов пен Ақбердиев қылмыс жоспарларын жүзеге асыруға қатысуға келісімдерін береді. Шарипа Ақбердиева қылмыстық топ құрып, рөлдерді бөледі. Ағалы-інілер Есенбекованың мекен жайын анықтап, оны өлтіру үшін қолайлы уақытты тосқан. Алайда Есенбекова полиция шақырамын деп қорқытқан соң жігіттер, ештеңе шықпайтынын түсініп кетіп қалады.
Прокурордың деректеріне сәйкес, 2017 жылдың 18 қаңтарында Шарипа Ақбердиева Темір Ақбердиев пен Қадыржан Гулямовты "Сайран" автовокзалында күтіп алады. Ол сыбайластарына енесінен кек алу үшін немересін өлтіру жоспары туралы айтып беріп, оларға 100 мың теңге төлеуге уәде береді. Жігіттер келіседі. Құрған жоспарларына сәйкес, баланы ұрлап әкетіп, Қарасай ауданының Абай ауылында өлтіруге тиіс болатын. Бауырлар сол жерге келіп шұңқыр қазады, онда баланы көмуді жоспарлаған.
19 қаңтар күні, іс материалдары бойынша, Шарипа Ақбердиеваның үйіне қылмысқа қатысушылардың барлығы жиналады. Олардың арасында Руслан Мүталиев те бар, ол баланы белгіленген жерге апаруға тиіс болатын. Ақбердиева адам өлтіруге қатысушылардың бәрінен келісімдерін алады, олардың арасында қызы да бар. Одан кейін оларға әр қайсысының атқаратын рөлдерін бөліп береді.
Барлығы жоспарға сәйкес болып жатқан: Айдана Ақбердиева баланы күтіп алып, үй шаруасында көмек керек екенін айтып көлікке отырғызады. Муталиев ауылға әкеліп тастап кетіп қалады. Айдана анасының айтуынша көршісінің үйіне кетеді. Сол кезде Шарипа Ақбердиева Өркенге ағаларыңа көмектес деп жертөлеге жібереді. Онда Қадыржан Гулямов пен Темір Ақбердиев болған. Ол жерде олар баланы өлтіріп, содан кейін тағы бірнеше пышақ жарақатын салады. Одан кейін баланы шешіндіріп, қазылған шұңқырға көміп, киімдерін пешке өртеп жібереді.
Алдын ала тыңдау барысында Шарипа Ақбердиева мен Темір Ақбердиевке ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлімі 3,7,14 тармақтары "Адамдар тобымен кісі өлтіру", ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-бөлімі 1,5 тармақтары "Адамдар тобымен адам ұрлау", ҚР ҚК-нің 132-бабы "Кәмелет жасына толмағандарды қылмыстық жасауға тарту" бойынша айып тағылғаны белгілі болды. Қадыржан Гулямов — ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлімі 3,7,14 тармақтары "Адамдар тобымен кісі өлтіру", ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-бөлімі 1,5 тармақтары бойынша. Айдана Ақбердиева мен Руслан Муталиевке адамдар тобымен адам өлтіруге және адамдар тобымен адам ұрлауға көмектесті деп айып тағылып отыр.