АСТАНА, 2 сәуір — Sputnik. Қаныпезерлердің қолынан ажал құшқан оқушы Өркен Азаматұлының туған анасы Facebook парақшасында баланың өліміне себеп болған жайттарды түсіндірді.
Баланың анасы Айжан Қыдырмолдановаға бұл туралы жазу өте қиын болған, себебі ол өмірдегі бар байлығы, бауыр еті баласынан айырылып отыр. Ол әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында баласының не себепті бөлек тұрғанын түсіндірді. Тұрғылықты мекенжайы жиі ауыса бергендіктен, Өркеннің сабағына зияны тимеу үшін, баланы уақытша әжесінің қолында тұрғызуға шешім қабылдапты.
"Қанша уақыт зарыға күтіп, баламды өз қолыма алуға шамам енді жетті-ау дегенде… Демалысқа шығуын күтіп жүргенмін. Соңғы рет ұлымды жаңажылдық демалыс кезінде құшақтап мауқымды басқан болатынмын. Сол кезде оған:"Жаным, сәл шыдай тұр. Көктем шығып, үйімізді салып бітіргесін, демалыс кезінде сені алып кетеміз… ", — деп едім. Бұдан былай менің өмірімде ешқашан көктем шықпайды. Ата-анасының күнәсі үшін балаларының зардап шегуі қандай аянышты. Ал арқас сүйер асқар тауы әкесінің баласының өліміне себепкер болуы одан бетер жанға батады. Бейкүнә сәбиім әкесінің жіберген қателіктерінің құрбаны болды", — деп жазады Айжан Қыдырмолданова Facebook парақшасында.
Полиция мәліметінше, Алматы мектептерінің бірінде 6-сыныпта оқитын Өркен 19 қаңтарда жоғалып кетті: ол сабақтан шығып, үйіне оралмаған. Әжесі сол күні кешке баланың жоғалғаны туралы полицияға арыз жазыпты.
Кейінірек Өркеннің денесі Наурызбай ауданындағы саяжайлардың бірінің жертөлесінен табылды. Бастапқы мәлімет бойынша, баланы тұншықтырып өлтірген және бірнеше мәрте пышақ жарақатын алған екен. Аса ауыр қылмыстың ізін жасыру үшін күдіктілер жалға алған үйдің жертөлесіне баланың денесін көміп кетіпті.
Баланы ұрлап өлтіруді ұйымдастырды деген күдікпен оның 36 жастағы өгей шешесі ұсталды. Тергеу барысында анықталғандай, қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін тағы төрт адам ұсталған.