АСТАНА, 26 қаң — Sputnik. Алматыда 11 жасар өгей баласын өлтірген әйел, мұндай қадамға енесіне ерегісіп, сонымен қатар күйеуінен кек алу үшін барған, деп хабарлады Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры Мадияр Басшыбаев.
Алматы қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 6 сынып оқушысы 19 қаңтарда мектептен шығып үйіне оралмаған. Сол күні кешке оның әжесі баланың жоғалып кеткендігі туралы полицияға арыз береді. Кейіннен баланың өлі денесі табылады. Баланы өлтірді деген күдік өгей анасына келтірілді. Жедел іздестіру шарасынан кейін қылмысқа қатысы бар деген 5 адам 21 қаңтарда қолға түсті. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, бұл істі марқұмның өгей анасы сыбайластарымен бірге жоспарлапты. Тергеудің болжамы бойынша, осылайша, Шарипа Ақбердиева күйеуінен кек алмақ болған. Бұдан бөлек тергеу барысында, бұрын әйелдің енесін өлтіруді жоспарлағаны анықталды.
Қазір әйел мен төрт күдікті – бұл Ақбердиеваның ұлы мен қызы, сонымен қатар екі сыбайласы қамауға алынған. Оларға қасақана адам өлтіру мен адам ұрлау деген екі бап бойынша айып тағылды. "Ақбердиеваның сөзіне қарағанда, бұл аса қатыгез қылмысты жасауға себеп өзі мен енесі арасындағы жек көрушілік болған. Яғни, сол жек көрушіліктен осы қадамға барған. Қылмыстық іс бойынша тергеуді Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің тәжірибелі қызметкерлері жүргізуде. Ол аяқталған соң, іс сотқа жолданады", — деп хабарлады Басшыбаев Almaty TV телеарнасына. Ұсталған күдікті тіпті өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.