АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Оңтүстік Қазақстанның Кентау қаласында иесіз үй жануарларына арналған "айыппұл тұрағы" пайда болды, деп хабарлайды өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Бұл идеяны ұсынған полицейлер екен, өңірдің билік өкілдері де ұсынысты қолдапты. Облыстың барлық ауданында арнайы аумақтар бөлініп, тиісті құжаты, ені немесе басқа белгісі жоқ, қараусыз қалған үй жануарларына арналған "айыппұл тұрағы" пайда болады.
ІІД түсіндіріп өткендей, бұл мал ұрлануының алдын алып, мал бағуға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
"Облыстағы алғашқы "айыппұл тұрағы" Кентауда пайда болды. Тәртіп сақшылары ені немесе басқа белгісі жоқ, қараусыз қалған малдарды осында әкеледі. Сосын полицейлер әкімшілік айыппұл салу үшін малдың иесін іздейді. Тиісті құжаттар көрсетілгеннен соң мал заңды иесіне қайтарылады немесе екі куәгермен келіп, малын алып кетулеріне болады", — делінген хабарламада.