АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Мәжіліс депутаты Бақияр Мәкен Қазақстан Үкіметінен жол полициясы қызметкерлеріне кей жағдайда ала таяқ қолдануға рұқсат беруді сұрайды.
Мәкен бұл сауалын премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа қойды. Депутат еске сала кеткендей, ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, биыл қаңтар айынан бастап жол патрулдік қызметі бүкіл Қазақстан бойынша ала таяқ пайдалануды тоқтатты. Қазір полицейлер көлікті қолымен нұсқап, ысқыруықпен белгі беру арқылы тоқтатады немесе жарық сигналы бар, дауыс зорайтқыш құрылғыны пайдаланады.
"Жол қиылысында тұрған полицейдің ала таяғы болмаса, алыстан көрінбеуі мүмкін. Адамдар таяққа қарап біледі, өйткені полицейдің киімі кешкі уақытта көрінбей қалуы ғажап емес. Ал ала таяқ болса, жүргіушілер полицейді қараңғы түскенде де көре алады, себебі таяқтың жарығын байқап, жол қиылысын полицейдің реттеп тұрғанын бірден біледі", — деді Мәкен.
Депутат айтып өткендей, интернетте қиылысты ала таяқсыз реттеп тұрған полицейлер туралы көптеген жағымсыз пікір мен бейнежазбалар бар.
"Яғни, ала таяқсыз полицей жұртқа күлкілі көрініп, жағымсыз әсер етеді. Бұл тыйым жол полицейлерінің өздерін де ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Керісінше, қазақстандық полицейлердің абыройын көтеруіміз керек қой", — дейді депутат.
Мәкеннің сөзінек сүйенсек, осы аталған себептерге байланысты республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда жол қиылысында қозғалысты реттеу барысында, сондай-ақ қоғамдық-саяси және мәдени-халықтық іс-шараларды өткізу кезінде ала таяқты қолдану шарттары мен тәртібін қайта қарау қажет.