АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Петропавлда патрулдік полицейлер велосипед мінген 9 жасар баланы қағып кетті; жеткіншек ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сейсенбі күні қаланың әлеуметтік желілерінде пайда болған бейнежазбада патрулдік көлік жаяу жүргіншілерді өткізіп, енді қозғала бергенде, алдынан қатты жылдамдықпен велосипед мінген бала атып шығады, көлік баланы қағып кетеді. Содан кейін, шошып кеткен полицейлер жеткіншекке көмек көрсете бастаған.
"Балаларға түсіндіріңіздер, жолдан өткен кезде, велосипедтен түсіп, жаяу жүріп өту керек. Бала бағдаршамның қызыл жануына 11 секунд қалғанда зуылдап келді, жүргізуші көрмей қалған ғой. Қатты жылдамдықпен келгендіктен, жол апаты болды. Егер бала бағдаршамның алдында түсіп, жаяу өтсе, мұндай жайт болмас еді", — деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары.
Айта кетейік, 9 жасар бала велосипедпен ересектердің қарауынсыз, жалғыз өзі келе жатқан, бұл да ережеге жатпайды.
Облыстық ішкі істер департаменті агенттікке хабарлағандай, оқиға 29 сәуір күні Бейбітшілік және Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысында болған.
"Жол апаты ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот алды тергеулердің бірыңғай реестріне енгізілді. Бала әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Тергеу аясында бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Көлік жүргізушісі облыстық наркологиялық диспансерде тексерілді, ішімдік ішпеген", — деп мәлімет берді ІІД.