АСТАНА, 7 мамыр — Sputnik. Қостанайда кроссовер мен "жедел жәрдем" көлігі соқтығысып, салдарынан дәрігер қаза тапты, деп хабарлайды "Алау" өңірлік басылымы.
Сенбі, 6 мамырда Қостанайда шамамен сағат 11:00-де Kia Sportage көлігінің 36 жастағы жүргізушісі Баймағамбет пен Гагарин көшелерінің қиылысында рөлінде 58 жастағы ер адам отырған "жедел жәрдем" көлігімен соқтығысты.
Жол апатының салдарынан "УАЗ" көлігінде отырған 34 жастағы дәрігер мерт болды. Көлікте болған екінші әйел 35 жастағы аяғы ауыр келіншек Қостанай облыстық перзентханасына жеткізілді.
Жол апаты дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, қажетті сот сараптамалары тағайындалды.