АСТАНА, 10 наурыз — Sputnik. Қарасай АІІБ бөлімше инспекторы, полиция майоры жұма күні Алматы-Бішкек тас жолындағы апатта қаза тапты деп хабарлады Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Нақтыланған мәлімет бойынша, апат Алматы-Қаскелең автожолының 22-ші шақырымында болған. Жолдың шетінде тоқтап тұрған полицей автокөлігіне жеңіл көлік келіп соғылады.
"Оқиға орнында 40 жастағы Қарасай АІІБ бөлімше инспекторы, полиция майоры қаза тапты. Жолдың шетінде тоқтап тұрған ВАЗ 21214 автокөлігіне Suzuki көлігі келіп соғылған, 24 жастағы шопыр, бастапқы мәліметтерге сүйенсек, рөлді басқара алмай қалған екен", — делінген хабарламада.
Полиция атап өткендей, қызметтік көлікте жол апаты кезінде 48 жастағы жолаушы әйел болған. Ол әртүрлі жарақаттармен Қаскелең қаласының ауруханасына жеткізілді.
Жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.