АСТАНА, 7 мамыр — Sputnik. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарын Отан қорғаушы күнімен құттықтады, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.
"Бұл күн бүгінде барша ел болып атап өтетін маңызды мерекеге айналды. Халқымыз ежелден-ақ "Ер – ел қорғаны, батыр – халық қалқаны" деп елге сүйеніш, жұртқа пана болған ерлерді ерекше ардақ тұтқан. Жеңіспен өрілген ұлы тарихымыз Отан үшін от кешкен Толағайларға кенде емес. Халық өз батырын құрмет тұтқан. Елдік жолында күрескен ұландар қашан да ұлықтауға лайық", — деді қала әкімі.
Исекешев бүгінде өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Қазақстан Қарулы күштерінің әскері айбынды, әрі мемлекеттің берік қорғаны екенін атап өтті.
"Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен қорғайтын қырандарымыз көп болғай. Аспанымыз әрдайым ашық, халқымыз бақытты болсын", — деген игі тілегін жеткізді Әсет Исекешев.