АСТАНА, 4 мамыр — Sputnik. Көкшетауда дене шынықтыру сабағы кезінде он бес жасар оқушы көз жұмды, деп хабарлады №2 орта мектептің әкімшілігі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Қайғылы оқиға сейсенбі 2 мамыр күні болған. Спортзалда дене қыздыру жаттығуларынан соң 15 жастағы оқушының хәлі күрт нашарлап, басы айналып, құлай бастайды. Сол кезде оған мұғалімі жүгіріп келіп, демеп, мектептегі медбикені шақырады. Ол есінен танып қалған оқушыға алғашқы көмек көрсете бастайды.
Білім беру мекемесінің әкімшілігі берген мәліметке сүйенсек, "жедел жәрдем" оқушының хәлі нашарлаған бойда шақырылып, 10 минутта келіп жеткен. Кейін олар белгісіз себептерге байланысты екінші жедел жәрдем көлігін шақырады. Дәрігерлер қанша тырысқанымен, баланың өмірін арашалап қала алмады.
"Мұғалімдер де, оқушылар да есеңгіреп қалды. Бала сабақты жақсы оқитын, дене шынықтыру сабағанынан босатылатындай ресми медициналық анықтамасы жоқ еді. Дене шынықтыру пәнінен қалып көрген емес", — дейді №2 мектеп директоры Гүлнәр Әбдіқасымова.
Жасөспірімді бейсенбі күні жерлейді. Полиция баспасөз қызметі хабар бергендей, оқушының өлімі дерегі бойынша тексеру жүргізілуде, сараптама тағайындалған.