Қоғам

Нығматулин: уақытша тіркеу кезіндегі айғай-шу медсақтандыруды енгізгенде қайталанбауы тиіс

© Sputnik / Табылды КадырбековЕмхана
Емхана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халықты емханаларға тіркеу науқаны жүреді

АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Биылғы жылдың басында азаматтарды уақытша тіркеу кезінде шыққан айғай-шу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде қайталанбауға тиіс. Барлық ұйымдастыру жұмыстары 2018 жылғы бірінші қаңтарға дейін емес, биыл күзге дейін аяқталуы керек. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Емханаға қалай тіркелу керек - Sputnik Қазақстан
Инфографика
Емханаға қалай тіркелуді білесіз бе

"Қазірден бастап барлық туындауы мүмкін мәселелерді, тәуекелдерді ескеріп, алдын алу керек. Мұны биылғы жылы халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды тіркеудің жаңа тәртібін енгізген кезде жол берген қателіктерді қайталамау үшін жасау керек. Бәріміз халық арасында қандай дүрлігу, айғай-шу болғанын білеміз. Жауапты мемлекеттік органдардың, бірінші кезекте "Азаматтар үшін үкімет" пен оған қарайтын халықа қызмет көрсету орталықтарының бұл науқанға дайындықсыз келгені осындай жағдайға алып келді", — деді Нығматулин.

Бұл ретте, оның айтуынша, "Азаматтар үшін үкімет" мемлекеттік корпорациясы міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры, жергілікті атқарушы органдармен бірге жүйелі жұмыс жүргізіп, халықты жаңа жүйені енгізуге дайындауға тиіс.

"2018 жылғы бірінші қаңтарға емес, биыл күзге қарай азаматтардың мәртебесі анықталып, емханаларға тіркелуі бойынша барлық тізімдер дайын болуы керек. Күзге қарай дайын болса, бірінші қаңтардан бастап халықпен дұрыс жұмыс істей аласыздар. Егер ұйымдастыру процесін бірінші қаңтарға дейін созып жүріп алсаңыздар, тағы да үлкен кезектерге, бұл жолы енді емханалардағы кезектерге тап боламыз. Халықтың тағы да наразылығын тудырмау қажет", — деді Мәжіліс төрағасы.

Нығматулин сөз соңында тағы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгенде уақытша тіркеу кезіндегі жағдайдың қайталанбауға тиіс екенін атап өтті.

Айта кетсек, 5 сәуірде халықты емханаларға тіркеу бойынша науқан басталды. Бұл жұмыс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіліп жатыр. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді анықтап алу маңызды. Бұл сізді сақтандыруға қаражатты кім аударатынын анықтау үшін керек. Биылғы жылдың соңына дейін әрбір Қазақстан азаматы өз еркімен таңдаған емханаға тіркелуге міндетті.

Жаңалықтар
0