АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында ішімдікке әбден мас болған екі ер адам автокөлікпен өзенге батып кетті, деп хабарлайды ШҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.
Сейсенбі 2 мамыр күні Герасимовка ауылынан төрт шақырымдай жерде құтқарушылар су қоймасынан екі ер адамның денесін алып шықты, олар "Лада Гранта" автокөлігінің ішінде болған. Ер адамдарды бірнеше күн бойы іздестіріпті, малшылардың бірі көліктің төбесін су қоймасынан байқап қалған екен.
"Су қоймасы онша терең емес, 2,5-3 метр. Құтқарушылар су астына сүңгіп, автокөліктен екі ер адамның денесін тапты. Көлік суға батып кеткен, бірақ есіктері бекітіліп қалмапты, соның арқасында суға кеткендердің денесін кезекпе-кезек шығарып алдық", — дейді құтқару бөлімінің басшысы Андрей Лисянский.
Куәгерлердің айтуынша, бұдан бұрын ер адамдар тағы екі жігітпен бірге ішімдік ішкен екен. Екеуі үйге оралып, кейінірек қалған жігіттердің жоғалып кеткендігін айтқан. Тергеушілердің сөзіне сүйенсек, болған оқиғаға қаза тапқандардың салғырттығы себеп болған.