АСТАНА, 30 сәуір — Sputnik. Ұлттық ұлан әскерилері Ақмола облысында тасқын сумен күресуге көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, кеше Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы Ұлттық ұланнан Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Жаңажол елді мекеніндегі "Алва" дамбасында төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын жүргізуге көмек сұраған.
ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының шешіміне сәйкес 5573 әскери бөлімі жедел мақсаттағы 4-ші батальонының 100 әскери қызметшісі дабыл бойынша көтеріліп, дереу аталған аймаққа жіберілді.
Түні бойы сарбаздар мен офицерлер дамба маңында қоршау жұмыстарын жүргізіп, тынымсыз еңбек етті. Қосымша көмек ретінде аймаққа 5 бірлік арнайы әскери техника да тартылды. Жауынгерлердің көмегімен инертті материалы бар 1500 қап әзірленіп, биіктігі бір метр, жалпы ұзындығы 250 метрді қамтитын қабырға жасалды.
"Алва" дамбасының қоршауын күшейту жұмыстары, бүгін, 30 сәуір күні де жалғасын табуда. Қазіргі уақытта қауіпті аймақта астаналық әскери бөлімнің 3-ші жедел мақсаттағы батальонының 50 әскери қызметшісі мен 4 әскери техника жүр.
Айта кеткен жөн, топан су басталғалы бері Ұлттық ұланның жауынгерлері Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше жағдай салдарын жойып, алдын алу жұмыстарына белсенді атсалысып келеді.
Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімі бірлескен құтқару батальонының күшімен Ақмола облысы Целиноград ауданының Оразақ селосында қоршау жұмыстары жалғаcып жатыр. Ал 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері болса, Петропавл қаласы маңындағы аймақтарда жапа шеккен халыққа көмек көрсетуде.