АСТАНА, 27 сәуір — Sputnik. ЭКСПО көрмесіне мәжбүрлеп билет сатып алғызу мәселелері бойынша арнайы ашылған қауырт желіге 300-ге жуық шағым түскен. Көбінесе азаматтарды билет алуға жергілікті әкімдік қызметкерлері мәжбүрлейді, деп хабарлады "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің жетекшісі Сергей Куянов.
"Азаматтарды билет сатып алуға мәжбүрлеп жатқан жағдайлар бар, сондықтан олар шағымданады. Біз күнделікті көптеген хабарлама аламыз. Оның әрбіреуі бойынша мүмкіндігінше мән-жайды анықтауға тырысамыз. Бірақ жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, билет алғызып жатыр деп қанша естісек те, әлі күнге дейін билет алмағаны үшін жұмыстан шығарған адамды көріп, естіген жоқпыз. Ешкімді өзіне керек емес дүниеге ақша жұмсату мүмкін емес", — деді Куянов баспасөз мәслихатында.
PR департаментінің басшысы көптеген фактілердің алдын алу мүмкін болып жатқанын атап өтті.
"Билет сату компаниясы басталғаннан бері бізге түрлі өңірлерден 300-ге жуық шағым түсті. Осының арқасында көп жағдайың алдын алу мүмкін болып отыр. Мұндай әкімшілік маркетингке жергілікті әкімдіктер бастама жасайды. Біз жағдайдың мән-жайын анықтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", — деген Куянов шағымдар +77023326521 WhatsApp номері бойынша қабылданатынын еске салып өтті.
Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар хабарлағандай, ЭКСПО көрмесіне алған билетті кез келген адам 10 маусымға дейін қайтарып беріп, жұмсаған ақшасын толық көлемде қайтарып ала алады. Көрме басталып кеткеннен кейін де билеттерді кассаға өткізуге болады, бірақ ол кезде ақша толық қайтарылмайды.
Құны 6 мың болатын датасы ашық билеттер ең көп сұранысқа ие екен.