АСТАНА, 27 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында 72 жастағы кейуананың шағын бизнес ашып, бес келінін жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын әңгімелеп берді.
Маңғыстау облысындағы әжей ауылдағы бизнесті дамытуға арналған "Bastau бизнес" бағдарламасы аясында оқып, өз бизнес-жобасын әзірлеген.
"Мұнайлы ауданында 72 жастағы кейуанамыз оқып шықты. Апай компьютер көрмейді, қалам мен қағазға бизнес-жобасын жазып шықты. Ол кісіге біз көмектестік. Бес келіні бар екен. Бізден 4-5 миллион ақша алып, наубайхана ашып, бес келініне қазір жалақы төлеп отыр", — деп әңгімеледі Жұмағазиев мәжілісте өткен отырыста.
Оның айтуынша, ауылдағы бизнестің әлеуеті зор. "Bastau бизнес" жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын білуге талпынып отырған адамдар көпшілік.
"Адамдарда бизнеске деген талпыныс бар екен. Бізде осыған байланысты күмән болған. Қазір оқып жатқан адамдардың жетпіс пайызына дейінгісі мектепке бизнес идеясымен келіп отыр. Мысалы, Ерейментауда ашылған мектепке адамдар жүз шақырым жерден келіп күнде оқиды. Осындай бағдарламаларға сұраныс көп", — деді ол.
Бұл жоба әуелі екі жыл пилоттық негізде жүзеге асырылған. Енді биылғы жылдан бастап көп ауылды қамту мақсатында сексен ауданда мектептер ашылған.
"Яғни, аудан орталықтарының елу пайызында бизнес мектептер ашылды. Ең алдымен, тест арқылы адамның бизнеске деген ынтасы, икемділігі тексеріліп, қарызын төлей ала ма, жоқ па – осы жағы анықталады. 4415 жұмыссыз тестілеуден өтіп, 3213 адам қазір мектепте оқып жатыр. Жыл қорытындысы бойынша 15 мың адамды оқытып шығаруымыз керек және 3 мың бизнес-жобаны қаржыландыру деңгейіне жеткізуіміз қажет. Еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелініп алған 135 бизнес-тренер екі апта бойы бізден тренинг өтті. Ауылға қазір 80 тренерді жібердік", — деді Жұмағазиев.
Келесі жылы 160 ауданда бизнес мектептерін ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, еңбек министрлігінің ұсынысы бойынша қалаларда да ашу көзделіп отыр.
"Бұл Астанадағы кабинеттерде емес, ел аралап, халықтың қажеттілігін тыңдап, пайда болған жоба. Бағдарламаның 18 миллион теңгеге дейін жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыру, бизнес ашқан соң 12 айға дейінгі қолдау көрсету сияқты артықшылықтары бар. Сонымен бірге мемлекет кепілдікпен де жәрдемдеседі", — деді ол.
Оның атап өтуінше, жобасының негізгі идеясы — кешегі жұмыссызды кәсіпкерге, сәйкесінше жұмыс беруші және салық төлеушіге айналдыру.
"Біртіндеп ауылдағы негізгі жұмыс беруші мемлекеттік органдар деген ұғымды шағын және орта бизнес деп өзгерту керек деп есептейміз. Нәтижесінде "Bastau бизнес" пилоттық жобасы үкіметке ұсынылып, оқытудың жаңа форматы ретінде 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытының негізі болды", — деп түйіндеді сөзін Жұмағазиев.