АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Семей қаласын үлкен өзгерістер күтіп тұр, оның ішінде абаттандыру жұмыстары мен қаланың сыртқы келбетін көркейту ғана емес, инженерлік коммуникация мәселелерін шешу де көзделіп отыр, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
"Қарағайлы деген жаңа шағын ауданның құрлысы жүріп жатыр. Қалада белгілі бір сәулет құндылықтарына жауап беретін ықшам ауданның пайда болғанын қалаймын. Семейде және облыстың барлық қалаларында атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтсем. Әр үй мен салынып жатқан үйлердегі әрбір пәтер бір жарым көлікжай орнын алады. Жолдың ені 3,5 емес, 6 метр болады, осындай шағын аудан салынып жатыр. Бұдан бөлек, барлық үйлерде жапсарлас салынған әлеуметтік нысандар болады. Сондықтан Семей қаласын таяу уақытта танымай қалатын боласыздар", — деді Ахметов орталық коммуникациялар қзыметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Даниал Ахметов Семей қаласын көркейтуге ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Көп ұзамай, Семей тұрғындары ғана емес, бүкіл қазақстандықтар қаладағы жағалау, орталық алаң және өзге де жерлерінің мүлдем өзгерген кейпіне куә болады.
"Мен қаланың барлық мәселелерін толыққанды білемін деп айта аламын. Семейде инженерлік коммуникация жүйесінің жағдайы мүшкіл. Бүгінде ағын су ағатын құбырдың жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр, сумен жабдықтау, жылу және кәріздік жүйені жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қалаға бөлінетін қаражат Өскеменнің бюджетінен әлдеқайда көп, мұндай ешқашан болған емес", — деді әкім.
Оның айтуынша, биылғы жылы жол құрылысы, ағымдағы және орта жөндеу жұмыстарына үш миллиард теңге бөлінген.
Әкімнің хабарлауынша, Семейдің бюджеті 2014 жылы 21 миллиард теңге болса, биылғы жылы жиынтық бюджет 49 миллиард теңгеге жеткен.
Бүгінде 10 миллиард теңгеге әуежай салынып жатыр, сондай-ақ "Абай-Арена" спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталуға жақын.