АСТАНА, 25 сәуір — Sputnik. Полиция қызметкерлері алматылық метрополитенге бомба қойылды деген хабарлама жасап телефон соққан адамның тұлғасын анықтады.
"Ішкі істер органдарының, Алматы мен Алматы облысының арнайы қызметінің күш біріктіруімен жарылғыш зат қойылды деп хабар берген адам ұсталды, ол Сарқанд қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны, ол бұл қылмысқа бұзақылық ниетпен барған", — делінген Алматы ішкі істер департаментінің ресми хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеу барысында телефон соққан адамның терроризм актісі жайлы жалған хабар беру дерегі бойынша әрекетіне құқықтық баға беріледі және оның кінәсінің деңгейі анықталатыны хабарланады.
Дүйсенбі, 24 сәуір күні метроға бомба қойылды деген ақпарат келіп түсті. Барлық станциялар жабылып, жолаушылар жедел түрде қауіпсіз жерге көшірілді.