АСТАНА, 22 сәуір — Sputnik. Солтүстік Қазақстан полицейлері сегіз жыл бойы туған-туыстарын көрмеген ер адамды үйіне қайтарды; оны Алматы облысындағы жеке фермада жұмыс істеп жүрген жерінен тапқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Виктор Прядкин 2008 жылы үйінен шығып, қайта оралмаған. Жақындары жан-жақтан іздестіріп, таба алмай, әбден күдерін үзген екен. Бірақ бір жолы ер адамның әпкесі Надежда Новоселоваға телефон нөмірі жазылған хат келеді. Хабарласып көріп, Виктордың Қазақстанның оңтүстігінде жеке шаруашылықта жұмыс істеп жүргенін білген.
Әпкесі бауырын іздеп барғанымен, ондағылар Виктордың қалы жақсы, тамағы тоқ, әйелі бар деген. Алайда Надежда інісінің жүдеп-жадап, тозығы жеткен киім киіп жүргенін байқайды.
Үйіне оралғаннан соң, Надежда Новоселова СҚО ішкі істер департаментінің басшысы Берік Біләловтен көмек сұрауға бел буады.
ІІД басшысының тапсырмасымен қылмыстық іздеу қызметкерлері ер адамды іздеуге кіріседі. Сөйтіп, Виктор Прядкинді Алматы облысынан тауып, азаматтық некедегі әйелімен үйіне алып келеді.
"Бауырымды аман-есен көргендегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Барлық қызметкерлерге, әсіресе, ІІД басшысына үлкен рахмет. Кәсіби білікті полициямыздың барына мың алғыс", — дейді Надежда Новоселова қуанышын бөлісіп.