АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Ресейлік физика маманы Юрий Образцов Қазақстанда құлдыққа қалай тап болғаны туралы айтып берді.
Басынан кешкені жайында бәрін дерлік ұмытып қалғанына қарамастан, Юрий КТК арнасына берген сұхбатында Ташкентке достарына кетіп бара жатып Қазақстанға тап болғандығын айтты. Теміржол вокзалында бейтаныс біреулер оны көлікке отырғызып, шаруа қожалығына алып барады, сол жерде Юрий үш жыл бойы сиыр бағады.
Сан рет қашып кетуге тырысқанымен, қожайындар оны тауып алып, ит сілікпесін шығарып әбден ұрған екен.
"Тұрған жеріміз қарапайым еді. Тірі жан болмайтын. Бар бергенін талғажау етіп жүрдік. Талай рет ұрып соқты, қатты ұрғаны сонша – сол құлағым естімей қалды", — дейді Образцов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бірнеше жыл бұрын жоғалып кеткен ресейлікті "Алтын Тараз" сауда орталығының қызметкерлері 2017 жылы 10 наурызда тапқан.
Образцовтың туған-туыстарын табуға ресейлік еріктілер көмектесті. Алматылық Расул Байрамуков Юрийді үйіне тұрғызып, қайтар билетін алып беріпті.
Жексенбі күні Юрий Образцов туған елі Ресейге оралады, оны бұрынғы әйелі мен қызы, туған ағасы асыға күтіп отыр.