АСТАНА, 21 сәуір — Sputnik. Атбасар ауданының су басқан үйлерінен еріген қар суы қайтып жатыр, деп хабарлайды Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомствода хабарлағандай, 21 сәуір 16.00-дегі жағдай бойынша, Атбасар ауданында су басқан 454 үйдің 363-інен су кетті. Қауіпсіз жерге көшірілген 1379 тұрғынның 1151-і үйлеріне оралды. Жабай өзенінде су деңгейі 7,4 метрден 5,20 метрге дейін төмендеді.
Жедел қызметтер мен жергілікті атқару органдарының күштері 19 мың текше метрден астам қар суын шығарды. Ащыкөл ауылында құтқарушылар қайықпен жеткізуді қамтамасыз етіп жатыр.
20 сәуірде 30 тұрғын үйді шолып шықты. Атбасарда материалдық зиянды тексеріп, бағалау және өтеу бойынша аудандық штаб жұмыс істеп жатыр. Ол жерде зардап шеккен тұрғындардан өтініштер қабылдануда.