АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. Алматы облысында Балқаш көлін құтқару және Іле және Қаратал өзендерінің тармақтарын механикалық тазарту бойынша ауқымды жұмыстар басталды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Өңірде аталмыш өзендердің арналарын құм-қайраннан тазалау мен түбін тереңдету жұмыстарына ерекше назар аударып келеді. Бұл өз кезегінде Балқаштың тұтас экологиялық жүйесіне оң әсерін тигізіп, су қорын молайтумен қатар флорасы мен фаунасын сақтап қалуға, балық шаруашылығын қайта жандандыруға септігін тигізуде. Мәселен, Іле өзенінің Балқаш ауданы тұсындағы тармағының 33,4 шақырымын тазартуға биылғы жылы 70,7 млн. теңге бөлініп отыр. Ал Қаратал өзенінің арнасын тазалау жұмыстары үшін арнайы құрылған "Қаратал" мелиоративті-механикаландырылған отряды соңғы 3 жылда өзеннің 27 шақырымын тазалаған", — делінген хабарламада.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қанат Дәуренбековтің айуынша, биылғы жылы Іле және Қаратал өзендерінің тармақтарын механикалық тазарту бойынша 4 жоба әзірлеуге облыстық бюджеттен 41,1 млн. теңге бөлінген. Қазіргі кезде 1 жоба жүзеге асырылып, 3-еуі екінші жартыжылдықта орындалады деп жоспарланып отыр.
Көктем шыға "Балқаш" мелиоративті-механикаландырылған отряд мамандары Іле өзенінің тармағы саналатын Топар өзенінің бойында тазарту жұмыстарын бастады. Бұған дейін қамыс пен батпақ қайранға шыланған су Балқашқа жетпегенімен қоса, жайылып, Топар ауылын, ауылдың шабындық жерлері мен жайылымдық жерлерін су басу қаупін тудырған еді. Бұл арнаны тазалау арқылы аталған мәселелердің барлығының шешімі табылатын болады.
Биылғы жылдың шілде айының соңына дейін мелиоративтік отряд Топар өзенінің барлық 33 шақырымын түгелдей қамтымақ. Бүгінге дейін 27 техника жұмылдырудың арқасында өзеннің 20 шақырымы тазартылып үлгерген. Бұл жұмыс қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Одан кейін Іле өзенінің басқа да тармақтары тазартылатын болады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Шаяхметовтің айтуынша, Балқашты құтқаруға бағытталған соңғы жылдардағы жұмыстардың нәтижесінде 15 мың шаршы шақырым жайылымдық жер шаруалардың игілігіне қайтадан қызмет ете бастаған. Оған қоса Балқаш көліндегі балық аулау деңгейі бірнеше есеге артқан. Жалпы соңғы он екі жылда Іле мен Қаратал өзені аңғарларының 641 шақырымы тазартылды.
Балқашты құтқару – маңызды әрі ауқымды жоба. Мамандар Балқаштың теңдессіз көл екенін, оның су айдынын ғана емес, тұтас экожүйесін сақтаудың маңыздылығын жиі айтады. Сондықтан бұл мәселе облыс басшылығының тұрақты бақылауында.