Қоғам

Депутат оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған отбасыларды тегін баспанамен қамтуды ұсынды

Құрылыс
Құрылыс - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайта қарау қажет

АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. "Нұр Отан" партиясының Мәжілістегі фракциясының бір топ депутаты оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды мемлекет есебінен баспанамен қамтуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Страхование недвижимости. Архивное фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астанада мембағдарлама бойынша баспана алуға өтініш қабылдау басталды

"Біздің депутаттың сауалымызға Елбасының жолдауына сәйкес, еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандырудың өзекті мәселелері арқау болды. Осы мемлекеттік тұрғыдан алғанда, аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай емес. Өткен жылы Үкімет қаулысымен жұмыс күші артық өңірлерде тұратын отбасыларды жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бөлінген 463 квотаның 196-сы ғана игерілген. Яғни тиісті тапсырма небәрі 42 пайызға ғана орындалған. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысы ғана айрықша мүдделілік танытып, өткен жылы квотадағы 110 отбасының орнына 129 отбасыны қабылдады", — деді Кәрібай Мұсырман үкімет басшысының атына жолданған депутаттық сауалда.

Депутаттар алдағы уақытта тұрғындарды жұмыс күші артық өңірлерден еңбек күші жетіспейтін облыстарға қоныстандыру шараларының қарқыны мен ұтымдылығын арттыру мақсатында өз ұсыныстарын жеткізді.

"Біріншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайтадан қарау қажет. Өткені үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Алайда бұл жеткіліксіз. Өйткені бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 300 отбасыны қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр. Жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші жетіспейтін облыстарға бірнеше отбасы болып, шоғырлана көшкенін ұйымдастырған жөн. Мұның өзі олардың барған жерлеріне тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізері даусыз", — деді Мұсырман.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, қоныс аударушыларды баспанамен қамту аса маңызды. Бұл ретте нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алуына бөлінетін қыруар қаржыға олардың өздері көшіп баратын елді мекендердегі босап тұрған үйлерді сатып алуына рұқсат беру керек. Сонымен бірге, қоныс аударушылардың өздері үшін тұрғын үй салуына мүмкіндік туғызу және оларды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет.

Тамара Дуйсенова - Sputnik Қазақстан
Қоғам
ОҚО-ның 2 мың тұрғыны солтүстік және орталық өңірлерге қоныс аударады

"Мұның өзі жергілікті атқарушы органдардың қоныс аударушыларды баспанамен қамтылуын әлдеқайда жеделдетері сөзсіз. Үкімет бөлген квотаның өткен жылы толық игерілмеуінің негізгі себебі осы екендігі ескерілуге тиісті. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуін қарастыру керек", — деді Мұсырман.

Бұдан бөлек, депутат Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының қоныс аударушыларды қабылдауға әлеуеті бар елді мекендердің тізбесін жасап, олардағы білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерін жабуға мораторий жариялау қажеттігін атап өтті.

Жаңалықтар
0