АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Мәжіліс депутаты Владислав Косарев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, елде жылда қайталанатын су тасқынына дайындық мәселесін шешетін мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Косарев депутаттық сауалында су тасқыны мәселесі елімізде жылда қайталанатынын атап өтті.
"Биыл да сондай жағдай қалыптасты. Қыс бойы үкімет отырыстар, селекторлық жиындар өткізгеніне бәріміз куә болдық. Осы отырыстарда жетекшілер үнемі су тасқынына толық дайынбыз деп баяндап жатты. Бірақ көктем келіп, бәріміз "жүзіп кеттік". Ал парламентте республикалық бюджетті жыл сайын қарастырған кезде үкіметке қажетті қаражат бөлінеді. Дегенмен, жыл сайын жағдай қайталанады. Жауапты мемлекеттік органдардағылардың ешқайсысы өзендерде су деңгейінің көтерілетінін, еритін қардың мөлшерін және ірі су ағындарының бағытын болжай алмағаны анықталады", — дейді Косарев.
Депутат неліктен осындай жағдай туындайтынын сұрай келе, бұл мәселеге кешенді және байыпты қарайтын уақыт жеткенін алға тартты.
"Барлық тәуекелдерді таразылап, жыл сайын туындайтын мәселені шешетін дұрыс шешім қабылдайтын уақыт жеткен секілді. Мүмкін бұл жеке мемлекеттік бағдарлама болатын шығар. Оны жүзеге асыруға жеткілікті қаражат бөліп, бұл мәселені түбегейлі шешейік. Себебі төтенше жағдайдың салдарын жоюға оның алдын алуға қарағанда қаражатты әлдеқайда көп жұмсаймыз. Бұл туралы жылда айтылады, бірақ мәселені шешіп жатқан ешкім жоқ", — деді коммунистер фракциясының атынан сауал жолдаған депутат.