АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik. Бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, ал қазір мәжіліс вице-спикері елдегі су тасқынына қатысты пікірін білдірді.
Су тасқынына қатысты қалыптасқан жағдайға кім кінәлі деген сұраққа Божко: "Табиғат", — деп жауап берді мүдірместен.
"Енді ылғал қоры ең апатты жыл болған 2004 жылдан 50%-ға артық болса, табиғатқа қарсы күресе алмайсың… Бұл жерде адам факторы емес, табиғат шешуші болып отыр. Бұған қоса инженерлік қамтамасыз ету бойынша байыпты шаралар дайындау керек. Дегенмен, жағдай өте қиын. Өйткені қар биылғыдай көп түскен емес. Мен тоғыз жыл министр болып жұмыс істедім, мұндай болған емес", — деді Божко.
Айта кетейік, елімізде су тасқыны өршіп тұр. Жеті өңірде — Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқыны жүруде.
Кешегі үкіметте айтылған мәліметтерге сәйкес, бұл өңірлерде 1 949 тұрғын үйді су басып, 120 автомобиль жолын су шайған. Ал Атбасарда бөгет бұзылып, жағдайды қиындатып жіберді. Бұл мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүріп жатыр.