АСТАНА, 17 сәуір — Sputnik. Полицейлер Қостанай облысында психиатр Рашида Сандыбаеваны өлтіруге қатысы бар күдіктіні ұстады деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
17 сәуір күні полиция қызметкерлері жедел іздеу шаралары барысында 40 жастағы Руслан Гафаровты ұстады.
"Кісі өлтіруге қатысы бар күдіктіні Қостанайдағы пәтерлердің бірінен ұстаған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бұрын полиция оған іздеу салған болатын", — делінген хабарламада.
Рашида Сандыбаеваның денесі 20 ақпан күні өз пәтерінде табылды. Бұдан бұрын хабарланғандай, полиция дәрігердің өліміне қатысы бар үш күдіктіні ұстаған еді. Ішкі істер департаменті мәліметіне сүйенсек, полиция кісі өлтіру дерегінің мән-жайын түгелдей анықтаған.