АСТАНА, 14 сәуір — Sputnik. Бішкекте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы басталды. Іс-шара Қырғызстанның ЕАЭО органдарына төрағалық етуі аясында өтіп жатыр деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.
Оған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің президенттері қатысуда: Армения президенті — Серж Саргсян, Беларусь президенті — Александр Лукашенко, Қазақстан президенті — Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті — Алмазбек Атамбаев және Ресей президенті — Владимир Путин.
Қырғызстан мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев отырыстың ашылуында сөйлеген сөзінде "баршаңыз Қырғыз еліне хош келдіңіздер" деп, ЕАЭО органдарына Қырғызстанның төрағалық етуін қолдағаны үшін алғысын білдірді.
"Әлбетте, сіздер біз ұсынатын басымдықтармен таныстыңыздар. Бүгін күн тәртібінде бірқатар мәселе бар. Бірігіп өнімді әрі тиімді еңбек етеміз деп үміттенемін. Отырысты ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер", — деді Атамбаев.