АСТАНА, 14 сәуір — Sputnik. Жолды су шайып кеткендіктен, Көкшетау қаласы мен Красный Яр ауылының арасында үш күннен бері көлік қозғалысы шектелді, барлық көлік айналма жолмен қатынауда деп хабарлады қала әкімшілігі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Қала түбіндегі Красный Яр ауылы тұрғындарының облыс орталығына қатынауы қиындай түсті. Қар күрт еріп, Чаглинка қоймасындағы судың молаюына байланысты 11 сәуірде Көкшетаумен арадағы жолды су шайып кеткен. Жергілікті билік өкілдері қозғалысты шектеуге мәжбүр болды.
"Красный Яр аулынан Көкшетауға басқа жолмен баруға болады. Ауылдың өзін су алып кеткен жоқ, қажетті тауарлар жеткілікті. Өзеннің су деңгейі төмендеген соң, тікелей қатынайтын жол қайта ашылады", — деп хабарлады әкімшілік.
Оқиға орны күні-түні бақылауда. Айналма жол Көкшетауға тікелей баратын жолдан екі есе ұзақ, яғни 10 шақырымды құрайды.