АСТАНА, 14 сәуір — Sputnik. Отбасында әйелі мен бала-шағасына қол көтеретін ер адамдарға қатысты әкімшілік қамауға алу мерзімін ұзартып, оларды қоғамдық жұмысқа салу ұсынылды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мұндай жағдайда материалдық жауапкершілікпен шектелудің не қажеті бар? Әлбетте, бұл жерде екі шешім болуы мүмкін. Дегенмен, ең дұрысы, қоғамдық жұмысқа салу деп ойлаймыз. Ондай адамды қоғамдық орындарда жұмыс істеткізу керек. Бірақ, әуелі, біздің Конституциямыз оған мүмкіндік бере ме — соны анықтауға тиіспіз. Екінші мәселе, тәжірибе бойынша, біз ондай адамдарға жеті, сегіз рет ескерту жасаймыз, бірақ одан түк шықпайды. Сол себепті оларды әкімшілік қамауға алған дұрыс. Сөз ұқпайтын болса, бірінші жолы 10 күнге, екінші жолы — 15 күнге қамаған жөн", — деді ҚР бас прокуроры Жақып Асанов әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысында.
"2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда әйелдерге қарсы қылмыс 90%-ға көбейген. Әрбір үшінші кісі өлтіру тұрмыстық жағдайда отбасында жасалған. Былтыр тұрмыстағы 36 әйел мен бір бала қаза тапқан. 2481 әйелге зорлық-зомбылық жасалған. 742 әйел мен 175 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған", — деп мәлімет берді қадағалау органының басшысы.
Ал "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышевтың айтуынша, отбасында әйел адамдар тарапынан ер-азаматтарға жасалған зорлық-зомбылық жайттары да кездесіп жатады.
"Бәлкім, бұл отбасыларда әйел адам агрессивті келетін шығар, сөйтіп, ер адамды осындай әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Сондықтан себептерді анықтау барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйел адамның өзі айыпты емес пе, тексеруіміз қажет", — деді Тұтқышев.
Отырыс барысында отбасы, этика және отбасылық психология негіздерін оқытатын пәндерді мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
"Профилактикалық іс-шаралар жеткілікті деңгейде нәтиже беріп жатқан жоқ. Орталық және аймақтық деңгейде нақты қаржыландыру механизмі болмағандықтан, профилактикалық жұмыстар жүргізу қарқыны да төмендеуде. Ал, жанжалқой адам ешкіммен тіл табыса алмайды. Ондай адамдарды емдеу керек, өйткені олар өздерін ауру санамайды. Ондай жандарға арналған психокоррекциялық қызметтер қажет. Ақша жоқ деп жатамыз, бірақ жыл сайын айықтырғыштарға 5 миллиард теңге жұмсаймыз. Оның орнына Молдовадан үлгі алып, жаңағыдай орталықтар құрғанымыз жөн шығар", — деген ұсыныс айтты Жақып Асанов.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қанатқақты жоба осы жылы мамыр айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысындағы Абай және Сарыағаш аудандарында іске асырылады.